Тимур Бектұр: «ҚазНеттегі жобалардың қай-қайсысының да бәсекелесі жоқ болып тұр»

Жарияланды: 29 қазан 2013, 13:03

-Тимур, Қасиетті Рамазан айы мүбарак болсын! Бір сұхбатыңызда «жиі пайдаланатын, ішінен құнды ақпараттар таба алатын екі сайтым бар, оның бірі – «productivemuslim.com» - белсенді мұсылмандарға арналған сайт» деген едіңіз.  Өзіңіз Ораза тұттыңыз ба?

Әмин. Рахмет. Әрине, мұсылман болған соң мойындағы парызды орындау керек. Онсыз болмайды.

-«IT-тірлік» журналы туралы айтып беріңізші? Журналды қай уақыттан бастап шығара бастадыңыз? Идеясы қайдан келді? Қаражат жағынан қандай қиындықтар болды?

«IT-тірлік» - бұл ақпараттық-танымдық журнал. Тақырып аясы - аты да айтып тұрғандай жаңа технологиялар жөнінде. Әлемдік ІТ үрдістер мен олардың елімізде көрініс табуы, соңғы high-tech жаңалықтар, бағдарламалау тілдері, компьютер, ұялы телефон, интернетке қатысты мәліметтің барлығын осы менің журналымнан таба аласыздар.

2011 жылы идея келді. Мұндай ресурс жасау ойы қайдан туды дегенде, былай ғой. Ағайын-тумадан бастап, тамыр-таныс, жұмыстастың барлығы үйіндегі теледидары бұзылып қалса, компьютері істен шықса, ұялы телефоны суға түсіп кетсе, дүкеннен жаңадан фотоаппарат сатып алатын болса, т.с.с. технологияға тиіп кеткен мәселенің барлығында ол кісілер мен сияқты ІТ-мамандарға жүгінеді. Сұрайды, кеңес берумді өтінеді. Олардың барлығына айтып-айтып шаршап кететін кездер де болады. Бұл не деген сөз? Бұл “қазақтар компьютеризацияланып бастады” деген сөз. Ал компьютер жүрген жерде “компьютерлік сауаттылық” деген бар. Айтпағым, мен сияқты “компотыршиктерге” сұрақтың көп қойылатын себебі, халықтың ІТ сауатсыздығынан туындайды. Интернеттен іздеп, біліп алайын десе, интернетте ІТ туралы қазақша материал жоқ. Міне, мен осыны түсіндім де осы жобаны жасауға бел будым.

Негізі бұл ортақ жоба болуы керек еді. Кейін белгілі бір себептермен жобаны өзім жеке қолға алдым. 2012 жылы алғашқы саны жарық көрді. 2013 жылы, яғни биыл қыста екінші нөмірі шықты. Енді, міне, кезек үшінші санына келіп тұр.

“Қаражат жағынан қандай қиындықтар болды?” деген сұрақтан гөрі “Қаражат жағынан қандай қолдаулар болды?” деп сұраған дұрыс. 2012 жылы Атырауда өткен Atameken StartUp Weekend байқауында үздік деп танылып, бірінші орынды жеңіп алдым. Оның, әрине, 500 000 теңге сыйақысы болды. Одан басқа ешқандай қаражат құйылмады және әлі де жоқ. Өзімнің табысымнан, отбасымнан жырып, жарнамаға немесе материал жазғызуға, аударма жасатуға ақша шығарғаным болмаса, басқалай бюджеті жоқ. Егер moomkin.com сайтының қолданушылары арасынан ивесторлар қызығушылық танытып “жобаға қол ұшын созамын, бірлесіп жасайық” десе, еш қарсылығым жоқ.

Ал дәл қазір журнал шығару ісіндегі бүткіл жұмысты жалғыз өзім атқарып отырмын. Сондықтан мен қазір әрі дизайнер, әрі версткашы, әрі журналист, әрі редактор, әрі директор, әрі маркетолог, әрі SMM, әрі копирайтермін. Көпшіліктің “Журнал неге жарты жылда бір шығады?” деген сұраққа жауабым осы. Өйткені, мұның барлығын жалғыз өзім жасағандықтан жиі шығарып тұруға физикалық тұрғыдан мүмкіндігім жетпейді. Осыны қиындық деп айтуға бола ма? (күледі).

-IT-тірлік» журналы оқырмандарға не бере алып отыр? Журналдың ашылмай жатқан қандай мүмкіндіктері бар?

Не бере алып отыр? Ең әуелі таза қазақша және сапалы материал ұсынып отыр. Бұл менің осы журналды ашқандағы басты кредом.

Ал журналдың ашылмай жатқан мүмкіндіктеріне келсек, идея көп. Журналдың түпкі мақсаты, қазақ жастарын ІТ саласына көптеп тарту, оларға түсіндіру, үйрету, біліктілігін арттыру болса, осы мақсатқа жету жолында атқарылмай жатқан жұмыстың барлығын әлі ашылмай жатқан мүмкіндік деуге болады. Мысалға айтсам, еліміздің әр өңіріндегі университеттің ІТ факультетіндегі студенттердің басын қосатын жоба жасау. С.Демирел атындағы универ студенттері Ақтау университетінің студенттеріне өз білгендерін айтса, көрсетсе тамаша емес пе? Осылайша, «IT-тірлік» журналының аясында батыс пен шығыстағы, оңтүстік пен солтүстіктегі ІТ студенттердің тәжірибе алмасу хабын жасағым келеді. Аллаһ қаласа, барлығы қадам-қадаммен жүзеге асуы керек.

-Қазір журналдың сайтына кірген адамдар үшін «өнімді 1 долларға сатып алуға болады» деген хабарландыру жазылған. Сатып алушылардың саны көп па?

Бұл енді күні кеше басталған науқан. Сондықтан, сатып алушылар саны көп емес. Бірақ, ең қуаныштысы - бар! Екі жылдың үстінде осы журналды жасап келе жатқанда оқырман тарапынан түсіп жатқан ең алғашқы пайданың бастамасы деп білемін. Бәлкім, осы сұхбаттан соң “мумкиннің” қолданушылары да менің журналымды бір-бірден сатып алар (күледі).

-Тимур, журналыңыздың қандай бәсекелестері бар? Жалпы, осы ғаламтордағы қазақ тілді жобалардың бәсекелесі бар ма өзі?

«IT-тірлік» журналының ешқандай бәсекелесі жоқ. Жалпы ҚазНеттегі жобалардың қай-қайсысының да бәсекелесі жоқ. Мысалы, сұрақ-жауап сайты болсын, кино туралы сайт болсын, мотивация жасайтын сайт болсын, қай-қайсысының да бәскелесі жоқ. Өйткені, белсенді түрде жұмыс жасап жатқан қазақша контент мейкерлер санаулы.

-Тағы да журналыңыз жайлы әңгімеге оралсақ. «IT-тірлік» журналын жасау үшін шетелдік тәжірибелерге жүгіндіңіз бе?

Әрине. Менің ойымша, кез-келген нәрсе имитациядан бастау алады. ең құрығанда аналогия жасалады. Сол сияқты мен де американдық және ресейлік ІТ журналдардан өзімше үлгі алдым. Қалай жасалған, қандай тақырыптар қозғалған, ІТ саласының ішінде нақты қай салаға басымдық берілген, ақпаратты жеткізу формасы деген сияқты мәселелерге назар аудардым. Алайда, менің жағдайымда ең маңызды нәрсе, тіпті «IT-тірлік» журналының ең негізгі өзегі десек те болады, ол - ақпараттың қазақтарға лайқыталып және қазақстандық реалдағы нұсқасын ұсыну болып табылады. Мәселен, дәл қазіргі таңда әлемде ІТ инфрақұрылым cloud technology негізінде, яғни бұлт технологиясы бойынша дамудың жаңа сатысына шықты дейтін болсақ, бұл ақпаратты ұсынғанда Қазақстандағы бұлт технологиясы қалай дамып жатқанын, біздің елімізде осы нарықтың негізгі ойыншылары кім екенін айтуым керек болады. Демек, оқырман тек қана құр ІТ саласы бойынша мәлімет алып қана қоймай, оның дәл біздің өмірімізде, өзіміз тіршілік етіп отырған ортада қалай іске асып жатқанын көре алады.

-Тимур, өзіңіз туралы да айта отырсаңыз. Қай жақта білім алып, IT-технология саласында қандай жерлерден тәжірибе жинақтадыңыз?

Өзім болғанда... Маңғыстау облысында ең алғаш мұнай атқылаған өлке бар. Жетібай деген. Сол ауылданмын. “Инженер-бағдарламашы” деген мамандықты Ш.Есенов атындағы Ақтау мемлекеттік университетінен 2006 жылы шықтым. Студент кезден-ақ әр жерде компьютер жөндеп “шабашкі” жасадық. Ол кезде ол кәсіптің “фрилансер” немесе “аутсорсинг” деген атауы бар екенін білмейтінбіз. Әйтеуір қай жерден тапсырыс түседі, сонда барып жасайтынмын. Кейін 2007 жылы “Қазақстан Темір Жолының” Маңғыстаудағы бөлімшесінде “Автоматтандырылған басқару жүйелері” бөлімінің бастығы боп қызмет еттім. Артынша, 2008-ден биылға дейін Атырау қаласында орналасқан Agip KCO және NCPOC секілді мұнай компанияларында тәжірибе жинақтадым. Бұл мекемелердегі менің жұмысым ақпараттық тәуекел және ақпараттық қауіпсіздік бағытында болды. Ең мықты тәжірибе берген де, біліктілігімді шыңдаған да осы екі компания болды. Сол үшін алғысым шексіз.

-Бүгінгі таңда интернетте қазақ тілді жобаларды жүзеге асыра отырып, қандай пайда табуға болады деп ойлайсыз?

Әуелі сіздің сұрағыңыздағы “пайда” деген сөз бен менің түсінігімдегі “пайда” деген сөздің мағынасын анықтап алу керек. Қазақстан емес әлемдік кеңістікте бір жоба жасау арқылы қандай пайда табуға болса, қазақша жоба жасау арқылы да дәл солай пайда табуға болады. Әрине, оның аудиториясы мен табыс көлемі басы бүтін бөлек әңгіме.

-Журналыңыздың бірінші бетінде «гуглден таппас маңызды ақпараттар бізде» деп, қызықтырыпсыздар. Сондай маңызды ақпараттардың бірнешеуін мысалға келтіре кетсеңіз?

Ондай маңызды ақпараттың қайсыбірін мысалға келтірейін? Менің журналымның ішіндегі ақпараттың барлығы дерлік маңызды дүниелер. Мейлі ол сұхбаттар болсын, мейлі ол PHP framework-тарға сараптама болсын, мейлі ол PR туралы материал болсын, тіпті қазақи ресурстардың ешбірінен таппайтын Linux және оның дистрибутивтері туралы мәліметтің барлығы бізде бар.

-Сөз соңында, «Мoomkin.com» жобасы туралы не айта аласыз?

“Мумкинді” менің естігеніме біраз болды. Алайда, шынымды айтайын, оның өте сәтті жоба екенін басында байқаған жоқпын. Себебі, мен бизнес кеңістікпен байланыс немесе жұмыс іздеу, кәсіби тұрғыдан орта іздеу жағына келгенде linkedin.com сайтын жиі пайдаланатынмын. Өйткені, мен ағылшын тілін жеткілікті деңгейде білемін. Өзіңіз білесіз, линкедин ол халықаралық желі. Осы тұрғыдан келгенде мен moomkin.com сайтын менсінбей келген едім. Содан осы биылдан бастап “Жұрттың барлығы “мумкин-мумкин” деп кетті ғой, қарайыншы өзін...” деп тіркеліп қалсам, өте бір жақсы жүйе екен. Тек бір байқағаным, рекрутиң фунцкиясы аса қарқынды дамып жатқанымен линкединдегі секілді локалды контентке көп мән беріліп жатқан жоқ сияқты. Контент жоқ емес, бар. Алайда уникалды емес және копипаст. Мен, дәл “ІТ-тірліктегі” сияқты уникалды контент көргім келеді. Яғни таза қазақстандық контент. Жергілікті ситуациядағы анализдер. Айталық, қазақстандағы жұмыс берушілердің рейтінгі, олардың басшыларының сараптамалық материалдары, т.с.с. ортақ жобалар болса деп ойлаймын. Өзім линкединнің тұрақты қолданушысы болған соң, әрине, сонымен салыстырамын. Осы жағын қолға алса, тамаша болар еді.

Moomkin-нің барлық мүмкіндіктерін пайдаланыңыз!
Тіркеудің 1-қадамы бар-жоғы бір минут уақытыңызды алады:

Қосылу

Тіркелдіңіз бе?