Дмитрий Горбунов: «Әр сәби бақытты болу үшін жаралған»

Жарияланды: 3 наурыз 2014, 04:17

Дмитрий Горбунов- Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығының балалар бөлімінің меңгерушісі, кардиохирург, Альберт Людвиг атындағы университеттің медицина факультетінің түлегі (Германия). 1999-2001 жылдар арасында Тюбинген қаласындағы жүрек-тамыр хирургиясы бөлімшесінде ординатураны өтті. Балалар кардиохирургиясында Альберт Людвигтің қатысуымен  туа біткен жүрек ақауына шалдыққан 1772 сәбиге ота жасалды. 2013 жылы мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталды.


Moomkin.com сайтына берген сұхбатында Дмитрий кардиохирург- дәрігер үшін медицина саласында ҰҒКО-ның қызметінің қол жетімді болуына ақпараттық технологиялардың дамуының үлесі зор дейді.
________________________________________

Дмитрий, жүрек кеселіне шалдығып, соның салдарынан көз жұмған науқастардың бірінші орында  тұрғанын қалай түсіндіреміз?

Жүрек кеселі көңілі жайланған, қазаны қайнаған дамыған мемлекеттерде кеңінен етек жайған. Салыстырмалы түрде Африка мемлекеттерін алып қарайтын болсақ, африкалықтар көбіне инфекцияның салдарынан өмірімен қоштасуда. Олар тіпті жүрек ауруына шалдығып та үлгермейді. Африкалықтардың орташа өмір жасы қысқа. Өзіңіз білесіз, біздіңкілер жақсылап тамақтанғанды жақсы көреді. Негізі бүкіл әлемде солай. Израильдықтар өздері жайлы «Тамақтану-бұл біздің ұлттық спортымыз» дейді. 


Мұнымен күресу үшін әуелі қандай қам-қарекет жасау керектігін айқын білуіміз қажет. Біздің орталық халыққа қызмет етеді.  ҰҒКО-ның негізгі ерекшелігі, бір шаңырақтың астында балалар, эндоваскулярлық хирургия, кардиология, үлкендерге және балаларға арналған реабилитациялық бөлімшелері қызмет етеді. Сонымен қатар, бұл орталықта толықтай кардиологиялық тексеруден өтуге болады. Әр мемлекеттің ұйымдастыру үлгілері әр түрлі. Әдетте хирургтар мен кардиологтардың арақатынасы көңіл қоншытпайды.


Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық  қай мемлекеттің  үлгісіне негізделіп құрылды?


Ұлттық ғылыми кардиохирургиялық орталық швейцария тұжырымдамасының негізінде құрылған заманауи кардиологиялық және кардиохирургиялық клиниканың үлгісі. Көптеген мемлекеттерде, әсіресе европа елдерінің клиникалары ескі ғимаратта орналасқан. Шет елдік дәрігерлердің көбісі бізге қызыға қарайды.  Біз мұны бағалай білуіміз керек. Өкінішке қарай, адамдардың көбі мұндай орталықтардың қолжетімділігі туралы біле бермейді. Олардың пайымдауынша біздің орталыққа келіп емделу аса қиын процесс. Шын мәнісінде олай емес, бәрі тіптен оңай. Бізде кез-келген қаладан, ауылдан келіп емделу мүмкіндігі қарастырылған. Бастысы науқасқа дұрыс диагноз қойылса болғаны. Қазір бізде Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген науқастар емделуде. Клиниканың тәжірибесінде тіпті Қырғызстаннан келген балаларға да ота жасалған.


Жыл сайын шамамен қанша баланың жүрегіне ота жасалады?


Статистикаға сүйенсек  1000 сәбидің  7-еуі жүрек ақауымен туылады. 2012 жылы Қазақстанда 385 230 сәби дүниеге келсе, соның  2697-сінің жүрегінде ақау бар. Олардың қаншасына ота жасалу керектігі бұл өз алдына үлкен мәселе. Туылғандардың 40%-на, нақтылай айтсақ  1078 сәбиге бір жылдың ішінде, ал қалған  539-на сәби кезінде ота жасалынуы керек. Өткен жылы елімізде  жалпы 80 балаға ота жасалса, соның 65-не біздің клиникада жасалды. Жалпы статистикаға сүйенсек өткен жыл бойынша жасалынуға тиісті 2000-2700 отаның 1900 жасалған.
Бұл дерттен айыға алмағандардың көбісі сәбилер.  Оларға дер кезінде дұрыс диагноз қойылмағандықтан қайтыс болған. Демек, балалар кардиохирургиясын дамытудың негізгі нысаны жүрек ақауымен туған сәбилерге дұрыс диагноз қойып, тез арада оларға ота жасау. Бастысы диагноз анықталса, ары қарай не істеу керектігі де белгілі болады. Сәбилердің басым бөлігіне ота біздің клиникада жасалады. Болашақта сәбидің туылған жеріне жақын жерлерде ота жасалса деймін. Меніңше, жақын арада неонаталды кардиохирургия, яғни нәресте кезіндегі кардиохирургия Алматыдағы перинаталогия және балалар кардиохирургиясы мен Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталықтарында дамиды.


Әлі күнге дейін ота жасату үшін жарты жыл бұрын кезекке тұру керек пе?


Бұрын ота жасату үшін ұзын-сонар кезек болғаны рас. Адамдар кімге, қайда баратынын білмейтін. Денсаулық сақтау министрлігіне үнемі: «Бізге қаржы бөліңіз. Ресейге немесе өзге мемлекетке барамыз» деген сауалдар келетін. Қазір мұндай мәселе жоқ. Балалардың басым бөлігіне ота өзімізде жасалады. Бір жастан асқан балаларға жасалатын ота қанағаттандырарлық деңгейде. 


Ауыр дертке шалдыққан науқастарыңыз жайлы айтсаңыз...


Бізде бір ғана жүрек қарыншасымен дүниеге келген сәбилер бар. Бұл науқастардың ең күрделі категориясы. Күрделі жүрек ақауына шалдыққан сәбилердің дертін пренаталды диагностикасы дамыту арқылы елімізде реттей аламыз. Мұндай әдіс дамыған елдерде кеңінен қолданылады, әсіресе Францияда.  Бұл елде күрделі жүрек ақауына шалдыққан сәбилер үшін өмір сүру райы қолайсыздық тудырғандықтан, аналары жүктіліктің алғашқы айларында түсік жасайды. Бұл кезде де нақты  диагнозды, баланың өмір сүру қабілетін анықтау қиын.

Біздің діліміз, болмысымыз өзгерек болғандықтан, еліміз мұндай нәтижелерге сенбеді.  Халқымыз сәбиі ауру болып туылатын біле тұра, оны аман алып қалу үшін бар жағдайды жасауға тырысады. Бұл өте жақсы. Егер ата-ана баланың іштен науқас болып туылатынын білсе, психологиялық тұрғыдан бұған дайын болады.

Жаңа технологиялар дамыған 21 ғасырға аяқ бассақ та, әлі күнге дейін әр адам өзінің қиындығымен бетпе-бет жалғыз қалады. Бізде ақпарат көп бола тұра, білімнің таяздылығынан зиян шегеміз. Ата-ана баласының дертке шалдыққанын білген кезде бірден интернеттен туа біткен жүрек ақауы жайлы ақпарат іздей бастайды.  Мұндай қиын сәттерде адамның өз бетінше әрекет етпегені абзалырақ. Елімізде бұл дертке шалдыққандарға көмектесетін арнайы орталықтардың бар екенін ескеруіміз керек. Алайда, отандық дәрігерлердің біліктілігіне күмәнмен қарайтын, отаны шет елде жасауды жөн көретін ата-аналар да баршылық.


Сіздің бөлімшеңіз жайлы сөз етсек. Бүгінде қандай кадрлар жетіспейді?


Бүгінде кардиохирургия саласы күн  санап дамып жатқандықтан кейбір мәселерді шешуге біздің біліктілігіміз жетпейді. Бізде кадрлар жеткілікті, алайда кәсіби білімді әлі де жетілдіре түсу керек. Әсіресе медицина саласында дұрыс шешім қабылдау үшін білімімізді жетілдіру қажет. Осы мақсатта  біз шет елдің білікті мамандарымен үздіксіз тәжірибе алмасып отырамыз. Шет елдік әріптестерімізбен бірлесе отырып біз бұрын-соңды жасалмаған күрделі оталарды жасадық. Жүрекке ең алғашқы ота 2004 жылдың 7 сәуірінде Астана қаласындағы  Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығында жасалды. Содан бері 10 жыл өтіпті, биылғы жыл біз үшін мерейлі. Содан бері бұл сала елімізде даму үстінде. Астананың өзінде 4 кардиохирургиялық стационар жұмыс істейді. Жақында бесінші ашылмақ.


Нағыз дәрігер сезімтал болуы керек деген тұжырыммен келісесіз бе?


Хирург ата-ананың қайғысын бөлісіп, олармен бірге баланың өмірі үшін күресуі керек. Алайда, ата-ананың ішкі жан дүниесінде болып жатқан қуаныш пен қайғыны дәрігер бірдей сезінуі керек демес ем. Себебі, сонша адамның қайғысын көтеру кімге болса да ауыр болары анық. Дәрігер болғандықтан ата-ананың қайғысын дәл олардай сезіне алмасым анық. Әдетте дәрігерлерді тас жүрек, суық жандар деп жатады. Бәлкім бұл біздің қорғанышымыз болар. Себебі мамандығымыз бізден күнара ажалмен айқасуды талап етеді.


Медицина саласындағы ақпараттық технологияның ықпалы жайлы сөз етсеңіз.


Әлбетте. Бүгінде технологияның дамыған заманында медицина саласында біршама жұмыстар жеңілдетілді. Мәселен скайп арзан әрі қолжетімді. Қазір желіде Израиль мемлекетінің Шнайдер клиникасының дәрігері Джордж Френкель отыр. Мен кез-келген сұрақ бойынша Френкель мырзаға қоңырау шала аламын. Өзге қаладан келген науқастардың мәліметі бүгінде электронды почтаға келіп түседі. Бұл жұмыс процесін әлдеқайда тездетеді. Өкінішке қарай біз өзімізге қажетті негізгі ақпаратты таба алмай қиналамыз. Бұл үлкен мәселе. Ақпарат ағынының көптігінен, қажетсіз сілтемелердің салдарнан  адам стресске ұшырайды. Бізге www.cardiacsurgery.kz. сайты арқылы байланысқа шығады. Ресейдің www.cardiomama.ru сайтында түрлі диагноздар, заманауи клиникалар талқыланатын форумдар бар.  Шыны керек біздің сайттарда әзірге ондай мүмкіндік қарастырылмаған.

Былтыр мемлекеттік «Құрмет» орденімен марапатталдыңыз. Одан басқа да марапаттарыңыз аз емес. Дейтұрғанмен, қай жетістігіңізді ерекше атап өтер едіңіз?


Мемлекеттің тарапынан мұндай құрмет көрсетілгеніне өте қуаныштымын.  Бұл орден менің ата-анамның, оқытушыларымның, әріптестерімнің еңбегі деп білемін. Менің дәрігер болуыма ең әуелі ата-анам себепкер болды. Анам ақ халатты абзал жандардың бірі, мамандығы-кардиолог. 


Әр адам белгілі бір жетістікке жету мақсатында жұмыс істейді Мысалы, бір жан үшін көп табысқа жету басты мақсат болып табылса, басқа жан белгілі бір қоғамның мүшесі болып, жемісті жұмыс жасауды қалайды. Біз хирург ретінде өзіміздің кішкентай емделушілеріміздің сауығып жатқанын көрген сәтте ерекше қуанамыз. Балалар өседі, өнеді, былдырлап сөйлей бастайды, біздің қолымызға келеді. Өз еңбегіңмен бір адамға көмектесе алатыныңды сезінген кезде моральдық тұрғыдан ләззат аламыз. Адам тағдырын түбегейлі өзгертетін, қиын сәтте оған көмек көрсететін мамандықтар бүгінде өте аз. Бізде емделген балалар немесе олардың ата-анасы алғыстарын айтып, кейде жазып, тіпте суретке салып беріп жатады. Басқаларының алғысы жүздерінде жазылып тұрады. Олардың шын көңілмен айтқан алғысы біздің жанымызды жадыратып, жұмыс жасауымызға шабыт береді. Бұл өмірде барлық нәрсені ақшамен өлшеуге, ал денсаулықты сатып алуға болмайды.
 

Әңгімелескен Динара Джолдаспаева

фотосурет "Казахстанская правда" газетінің мұрағатынан алынған, авторы - Игорь Бургандинов

Moomkin-нің барлық мүмкіндіктерін пайдаланыңыз!
Тіркеудің 1-қадамы бар-жоғы бір минут уақытыңызды алады:

Қосылу

Тіркелдіңіз бе?